Қазақстан • 26 Сәуір, 2018

Алматыда шетелдік сарапшылар  «Астана-1» жүйесінің жұмысымен танысты

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік кірістер органдарының алдына салық және кеден  саясатын оңтайландыру, экспорт және импорт үшін құжаттар нысанын қысқарту, бір терезе қағидатын енгізу, кедендік рәсімдеу уақытын қысқарту сынды нақты тапсырмалар қойған болатын.  Осы орайда, елімізде былтырдан бастап  іске қосылған «Астана-1»  электронды жүйесі өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Алматыда шетелдік сарапшылар  «Астана-1» жүйесінің жұмысымен танысты

Еске салсақ, аталған жүйе өткен жылдың қазан айында кедендік-транзит бойынша, қаңтар айынан экспорт жүйесінде және биылғы жылдың 1-сәуірінен бастап импорттың барлық түрлеріне енгізілген болатын. Бұл автоматтандырылған жүйе қазіргі таңда біздің елімізден бөлек әлемнің 95 мемлекетінде іске қосылған.

Жүйенің басты артықшылығы сол –  сыртқы сауда айналымына қатысушылар бұрынғыдай  құжаттарын әкеліп қағаз жүзінде рәсімдеу жасамайды. Яғни, интернет торабы бар кез-келген жерде отырып қашықтықтан-ақ кедендік рәсімдеу жасап, өз жүгін автоматты түрде кедендік тазартудан өткізе алады. Кедендік БАЖ салығы сияқты басқа да міндетті төлемдердің электронды түрде төленуі жүйенің  барынша ашықтығын қамтамасыз етеді. Оңтайландырылған бағдарлама жүк алушы мен кеден қызметіндегі лауазымды тұлғалардың арасындағы байланысты үзу арқылы жемқорлық себептерін де төмендеткен. Осы жүйенің көмегімен ақпаратты  берген сәттен бастап, тауарларды рәсімдеп біткенге дейінгі барлық процесстерге автоматтандырылған бақылау орнатылған. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерлер мен сыртқы экономикалық әріптестер үшін қолайлы жағдай тудырып отыр. «Астана-1» жүйесі іске қосылғанға дейін рәсімдеу жұмыстарына бірнеше сағаттар жұмсалса, қазір құжаттар мен тауарлар барлық талаптарға сай болса не бары 5-10 минуттың ішінде шаруа бітеді.

Аталған жүйе жасыл, сары, көк, қызыл дәліздер арқылы жұмыс істейді. Мәселен бір ғана Алматы қаласы бойынша кірістер департаментінде 10 мыңнан астам рәсімдеу жасалса, соның 90 пайызы кеден қызметшісінің қатысуынсыз, яғни жасыл дәліз арқылы өткен. Ал  жасыл дәлізге сай келмеген жағдайларда қосымша кедендік сараптама, кедендік құнды тексеру немесе тауардың кодын тексеру жұмыстары өтеді. Мамандардың айтуынша, мұндай құжаттар тек 10 пайызды құраған.

Жүйе жұмысының нәтижелерімен танысу мақсатында елімізге арнайы келген жоба жетекшісі Фабрис Мийе Алматыдағы Алмалы-кедендік рәсімдеу орталығында болды. Оның сөзінше «Астана-1» жүйесі  өз жұмысын бастағалы бері елеулі нәтижелер байқалған.

 – Бұл жүйе бизнес үдеріске де серпін беретін жоба. Әлемнің көптеген озық елдері осы бағдарламаны пайдаланады. Грузия сияқты кейбір мемлекеттер аталған бағдарлама негізінде халықаралық сауда-саттық, бизнес саласында жоғары нәтижеге жетіп отыр. Қазақстанның аталмыш электронды рәсімдеу жүйесіндегі алғашқы қадамы жаман емес. Аз уақыттың ішінде 100 пайыз нәтиже бола салмайды. Барлық жетістіктер уақыт пен тәжірибе арқылы келетінін ұмытпауымыз керек. Жақын өңірлердегі елдермен салыстырсақ Қазақстанның бұл бағыттағы бастамалары нәтижелі деп анық айта аламыз. Пост кеңістіктегі елдерді алып қарар болсақ Балтық елдері, Малдова, Түркменстан сынды мемлекеттерде  бұл жүйе бар. Дегенмен, Қазақстанда іске асып отырғаны ең соңғы үлгідегі барынша жаңартылған бағдарлама. Жүйе толықтай аяққа тұрар болса экономикалық басқару ісінде көп игіліктерге қол жеткізуге болады. Бұл дегеніңіз бизнестің әлеуетін арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да зор септігін тигізеді. Біздің мақсатымыз енгізілген жүйені бақылап қолдау таныту, – дейді Фабрис Мийе.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ